Екі тәуліктен астам уақыт жолда болып – Қостанайдан Чикаго арқылы, одан әрі Де-Мойн, Ватерлоо және Молин қалаларына жеткен инженерлер ауыл шаруашылығы техникасының әлемдік орталығы саналатын John Deere компаниясының штаб-пәтерінде болды. Қостанайдағы AGROMASH зауыты мен Қазақстандағы John Deere ресми дистрибьюторы Eurasia Group AG компаниясының алғашқы инженерлер тобы АҚШ-тағы өндірістік тағылымдамадан өтіп, елге оралды.

Тағылымдама барысында мамандар бірнеше негізгі өндіріс орындарын аралады – бүріккіш техникадан бастап тракторлар мен комбайндар шығаратын зауыттарға дейін.
Делегация құрамында тәжірибелі инженерлер де, жас мамандар да болды. Ұрпақтар арасындағы кәсіби диалог сапардың маңызды нәтижелерінің бірі болды. Инженер Қайрат Карбаевқа 51 жас, және бұл оның шетелге алғаш шығуы.
«Жарты ғасырдан кейін өзімді қайта студент ретінде сезіну – ерекше әсер. Көзім қайтадан жанып кетті. Америка мені қатты таңғалдырды, әсіресе ауыл шаруашылығы: өңделмеген бірде-бір жер жоқ, барлық жерде тәртіп. Ал зауыттар толық цифрландырылған әрі автоматтандырылған», – дейді ол.
Өндіріс жөніндегі директор Бахтияр Балгужин (30 жас) технологиямен қатар инженерлік мәдениетті де ерекше атап өтті:
«Патриотизм барлық жерде сезіледі. Әр зауытта өз елі мен еңбегін мақтанышпен айтады. Таңғалдырғаны – өндірісте аға буын мамандары көп, ал жастар аздау. Әсіресе дайындау учаскелері әсер қалдырды: барлық процесс толық автоматтандырылған, құралдарды беруден бастап 24 метрлік металл қоймаларына дейін. Бұл жай танысу емес, өндірісті терең түсіну болды. Мұндай тәжірибені құжаттан немесе видеодан алу мүмкін емес. Біз енді бұрынғыдай болмаймыз – жаңа тәсілдерді енгізгіміз келеді және командамен бөлісеміз».
Компания өкілдерінің айтуынша, өзгерістердің негізгі қозғаушы күші – инженерлер. Жаңа білім өндіріс процестерін жаңартады, ал мамандардың белсенділігі жалпы жүйені дамытады.
«Біз өнеркәсіпті сөзбен емес, нақты құзыреттер арқылы дамытамыз. Бүгінде кәсіпорындарымызда 530-дан астам техника өндірілді. John Deere зауыттарында оқыту – команда дамуының маңызды кезеңі. Мамандар жаңа тәжірибемен келгенде, кәсіпорын ішінен өзгереді. Ең шабыттандыратыны – көзі жанып тұрған жас инженерлер. Осындай адамдар тарих жасайды. Біздің мақсат – әлем біздің инженерлерді танысын, ал біздің инженерлер әлемді танысын. Өнеркәсіп – бұл ең алдымен адамдар, білім және іске деген құштарлық», – дейді AGROMASH зауытының президенті Динара Шукижанова.
Eurasia Group AG компаниясының бас операциялық директоры Сергей Глокке бұл тәжірибені Қазақстанның машина жасау саласына салынған стратегиялық инвестиция деп атады.
«Бүгінде сала тек жинақталған тәжірибеге сүйеніп дами алмайды – оған цифрлық технологиялар, білімнің жүйелі трансфері және жасанды интеллект негізінде шешім қабылдау қажет. Алдағы жылдары техника, деректер және агрономияның синергиясы Қазақстан агробизнесінің тиімділігінің негізгі факторы болады. Дәл осындай құралдар машина жасаудың жаңа моделін қалыптастырады: икемді, дәл және тиімді. Біз үшін тек технологияларды енгізу емес, оларды дамыту мен Қазақстан жағдайына бейімдеу маңызды. Бұл сапар біздің инженерлерге John Deere өндірісін тереңірек түсінуге және еліміздің табиғи-климаттық жағдайына барынша сәйкес келетін техниканы жасауға негіз қалады», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың сәуірінде Қостанайдағы локализация орталығы базасында John Deere техникасын өндіру іске қосылды – бұл машина жасау саласы үшін маңызды оқиға болды. Өткен жылдың қарашасында Қазақстан мен John Deere арасында 2,5 млрд АҚШ долларына стратегиялық келісімге қол қойылып, ұзақ мерзімді өнеркәсіптік ынтымақтастық бекітілді. Бұл жетістікке Қазақстан Үкіметінің, инвестициялық штабтың, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде қол жеткізілді.
Құжатта қарастырылған:
- өндіріс көлемін 3 000 бірліктен астам техникаға дейін ұлғайту;
- сервистік орталықтар мен қосалқы бөлшектер хабтарын салу;
- технологиялық инфрақұрылымды дамыту;
- жаңа жұмыс орындарын құру;
- өндірістегі локализацияны тереңдету.
Келісімнің негізгі бағыты – инженер кадрларын даярлау. Серіктестермен бірлесіп қазақстандық мамандарға арналған тұрақты білім беру бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама аясында:
- АҚШ пен Еуропадағы John Deere өндірістік желілерінде тағылымдамалар;
- машина жасау, автоматтандыру және цифрлық жобалау бойынша заманауи технологияларды меңгеру;
- алынған білімді Қазақстан кәсіпорындарында тәжірибеге енгізу қарастырылған.
Сонымен қатар жаңа инженерлік құзыреттерді дамытуға арналған білім беру орталығын ашу жоспарлануда: цифрлық инженер, автономды техника операторы, жасанды интеллект және деректерді өңдеу маманы, цифрлық агроном.
John Deere компаниясымен серіктестік кәсіби алмасудың тұрақты жүйесін қалыптастырып, ұлттық инженерлік мектепті күшейтеді. Бұл өз кезегінде инженерлік кадрлардың ұлттық резервін қалыптастырып, қазақстандық инженерлердің құзыреттерін халықаралық деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Русский